Сүгірәлі руынан шыққан қамшыгерлер туралы естелік.

Тайжанұлы Өрбісін айтып кеткен оқиға.

 

         Өз заманында қыдыр қонып, қасиет дарыған, Маңғыстау түбегіндегі Қараман Ата қорымында жерленген Қабылұлы Дін (барған адам әлі күнге зиратына шырақ жағып, тілек тілейді екен) бабамыздың Жұбанияз, Тағанияз атты балалары (Сүгірәлі ата ұрпақтары шежіресінің 1- бетінде) жылқы жоқтап, мал ізімен жүріп отырып, ішке қарай дендеп барып бір ауылға тоқтапты. Тоқтаған ауылына жылқы ізімен келгенін, із осы ауылға тірелгенін айтып, жоқ сұрапты. Ауыл адамдары ондай бөтен, бесеубет малдың жоқтығын айтып, одан өзге ауыз ашпапты. Басқа барар бағыт-бағдар жоқ болғасын сол ауылда бірнеше күн аялдауға тура келген екен. Сол бірнеше күнде ауыл ақсақалдары оларға кезекпен жақсылап қонақасы беріп, әңгіменің ауанын басқа жаққа бұра беріпті. Жоғалған жылқылары осы ауылдың жылқысымен араласып жүргенін байқаған жоқшылар ақылдаса келе, сәске түсте жылқының алды суға келе бергенде, отарды түре қуа жөнеледі. Аттары мықты, өздеріне сенімді болған болуы керек, дойыр қамшыдан басқа қаруы болмапты. Арттарынан жеткен  қуғыншыларды  дойырмен ұрып түсіре береді. Сөйтіп қырықтай жігітті атсыз жаяу қалдырып, аттарын жылқыға қосып айдай беріпті. Амалы таусылған ауыл ақсақалдары елші жіберіп, өздерінікінен өзге малды қалдыра гөрің деп жалыныпты. Сөйтіп бабаларымыздың қайраты елге аңыз болып, жоқтарын тауып, екеуі он-оннан қысырақ қосып алып, елдеріне олжалы оралыпты.

 

Құла аттың саңғырығы

          Маңғыстаудың Сенек-Сұмса жерінде күздің күні болған бір ат бәйгесіне Қожабергенұлы Ақберді атамыз бұрыннан аты шыққан Құла атты қоспаққа күні бұрын апарып, жабулап, қаңтарып қояды. Атының жәйін жақсы білетін атамыз ертең бәйге деген күні кешқұрым атын оңашалау алып шығып, аунатып, күздің көгіне шалдырмаққа тұсап қояды. Соны байқаған теріс пиғылды бір адам аттың тұсауын қиып кетеді де ат ұзап кетіп, тұманның кесірінен таптырмай, таңертең тұман ашылғанда бір-ақ табылады. Атының тоғайрағанын байқаған атамыз атын қинап бәйгеге қосқысы келмесе де, бірге барған Тайжанұлы Өрбісін бастаған жолдастарының қолқасын қимай атты бәйгеге қосыпты. Сөйтіп ат айдалып, бәйге басталып та кетеді. Бәйге аттарының жарты жолдан ауып, мәреге жақындай түскен кезінде Құла аттың қиналып келе жатқаны белгілі болады. Сол-ақ екен манағы жеті-сегіз жігіт ұшқыр аттарымен Құла атқа көтермеші болып, құйысқаннан, ердің алды-артынан жіп байланатын жерлерден алып көтере жөнеледі. Сол мезгілде Құла ат саңғытып-саңғытып тоқтығын тастап жіберіп, шылбырын жинап алып, бейне-бір қанат біткендей ұшырта жөнелген екен. Сол бәйгеде де заманында Ақбердінің құласы атанған сәйгүлік бас бәйгені жеңіп алды - деп молдас құрып, шәйін ішіп отырғанда Өрбісін аталарың әңгімесін айтушы еді. 

   

Өрбісіннің қос тарланы

        Тайжанұлы Өрбісін (1877-1962) кәкеміз де ат жаратып, ит жүгірткен өнерлі кісі болыпты. Бір күні баласы Ақмырза колхоздан алажақ еңбегіне кәкемізге көлік етіп мінуге деп, ат алып бермекке жайлауға барғанда, сол жерде руы Жаңай Қарабатыр деген кісі арқасы жауыр жирен құнанды алғызыпты. Сол күндерде Өрбісін кәкеміз Қалдықара деген жүрісі жайсыз деп ешкім керек қылмаған дөнен жасындағы атты мініп жүрген екен. Жирен құнан мен Қалдықараның жауырын, ондай-мұндайын емдеп жазып, жілігі толыссын деп құр жібереді де алты жасқа толғасын ұстап баптай бастайды.

       Бір күні баласы Балғабай бапамның жылқысынан біреу ат ұстамаққа барған кезде жылқы ішіндегі Асау торы деген атқа көзі түсіпті. Балғабай бапам отарды иіріп тұрып ат үстінен бұғалық салады да, бұғалықтың ұшын тін (жылқышының көмекшісі) болып жүрген кісіге ұстатады. Сол кезде тін бұғалықтан айырылып қалып, Асау торы ат бұғалықты сүйретіп Сазды ауылы бағытына қарай қаша жөнеледі. Үлкен қоңыр атпен жүрген Балғабай бапам шауып бара жатып, Кішкене жиренмен баласы Сүгірді жіберің деп айқайлап қалыпты. Сөйтіп жүргенде үлкен қоңыр ат Әйнектіқораның тұсына келгенде тұрып қалыпты да, кішкене жиренмен Сүгір қашқан аттың соңынан кетіпті. Қалған адамдар түскі тамағын, бесінгі шәйін ішіп те болыпты. Күн батуға таяған мезгілде Дәрменнің айналмасынан қашағанды қуып жетіп, бұғалығынан жетектеп келген Сүгірдің астындағы баяғы жирен құнан екеніне қапелімде адамдар сеніңкіремей қалыпты. Алайда, осыншама шабыстан кейін Кішкене жиреннің құлағын тас төбесінде қайшылаған кезінде, Өрбісін кәкеміз де былайғы жұрт та сүйсінбей қала алмапты. Сөйтіп жүрістің бәріне салатын (аяң, жорға, құлан кекірек, желіс және шабыс) өнерлі Қалдықара атпен екеуін Өрбісін кәкеміз Ұштағанның теріс бауырына үй тігіп, оңаша жаратып, талай бәйгелерді қанжығаларына байлапты. Атырау қаласында болған үлкен бәйгеде Өрбісін ақсақалдың аттары бірінші-екінші орындарды иеленіпті.

          Аттарды жаратудың бір әдісі тоқтай суына тиіп жүрген бір кезінде ГАЗ-53 машинасының 80км жылдамдығын ұстай қапының биігіне шейін Қалдықараның басы озып, қайтар жолда Терісбауырға дейін Кішкене жиреннің басы озып келеді екен. Жылқышы болған Балғабай бапамызға өз заманында атақты жылқышы болған Өтеуұлы Айтуар бабамыз өз құрығын қалдырып кеткен екен. Осындай тарих сабақтастығы бабаларымыздың ауызы бір, бірлігі мықты, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алатындарын дәлелдеп кеткен.

 

Жоғарыдағы әңгімелерді жеткізуші Бекмырза зайыбы, Тәжбенқызы Қама. Жазып алған немересі Сүндетұлы Махамбет.  Ұштаған ауылы  07 тамыз 2017 жыл.