АДАЙ УЕЗІНДЕГІ ЖИЫРМА ЖЕТІ БОЛЫС

Бұл дерек 1928 жылы Ленинградтан басылып шыққан «Адай уезі ауыл шаруашылығының ерекшеліктері» (авторлары М. М. Ищенко, И. С. Қазыбеков, М. В. Ларин, Б. К. Щелоков) деген кітапта келтірілген. Маңғыстау ауданының жері 1920 жылға дейін Закаспий облысының Маңғышлақ уезі делінсе, 1920 жылдан 1927 жылға дейін Қазақ АССР-ның Адай уезі делінген. Кітапта көрсетілгендей Адай уезінде 27 болыс болыпты. Оның 19 болысында адайлар тұрған. Әрбір болыс әкімшілік ауылға, ал ауылдар шаруашылық ауылға (общинге) бөлінген.

      25.  Түпқараған болысы.

      Он әкімшілік ауыл 1858 үйден тұрады. Негізгі руы – Бәйімбет, оның ішінде Сабытай. Төлеп аулы 30 үй, жартылай көшпенді. Қаратаудың Күркіреуік және соның маңындағы бұлақтарда қосымша егін салып та күнелтіс жасайды.

      30 үй Аралбай Көрпе жатақтары Сеңгірқұмда, 10 үйі Форт-Александровскіде тұрады. Маңғыбай, Күйік Көрпелер 170 үй. Одан 50 үй Есенжарда қысы-жазы отырады.

      Айым, Шақа, Матай және № 6 және № 2 Боққара аулында 190 үй бар, оның 145-і Торты және Қошқарата жерлерін мекендейді. Олармен бірге 25 үй Өтеулі, Жаманқара және № 1 Боққара ауылдары бірге жүреді. Осы 190 үйдің 75 үйі Ақорпа, Алаторпа және осыған көрші жатқан Ақтау бойын жайлайды.

       Байбоз аулында 240 үй бар, олардың жартылай көшпенділері мен жатақтары: 50 үй Бекі, Сәубетте, 50 үй – Тортыда, 40 үй – Борлы, Торымда, 50 үй – Саршада отырады.

       Сарболат аулында 185 үйі бар. Одан 10 үй жатақ Форт-Александровскіде.

       Сүгірәлі – Жәдігер ауылы 215 үй. 15 үй жатақ Форт-Александровскіде, 35 үй жартылай көшпенділер Ақорпа маңындағы жерлерде, 40 үй жатақ Басқұдықта отырады.

       Сегізбай аулы 180 үй, одан 30 үй жартылай көшпенді. Қонысы Таушық, 5 үй жатақ Форт-Александровскіде.

       Болыстың қалған 1175 үйі қысы-жазы мал шаруашылығының қамымен көшіп-қонып жүреді. Олардан 440 үй қыста Сеңгірқұм, Қарынжарық барса, жазда Сағыз өзеніне дейін жайлайды. 700 үй қыста қоныс қуып Түрікменстан жеріне ауады.

 

 Қамысбай Қаржаубаев  «Маңғыстау» газеті, қыркүйек 1990 ж.

Түсініктеме:  Ақорпа - Ұштаған өңіріндегі құдық, Сазды аулынан шығыс, оңтүстік-шығыста 27 км жерде. Тышқанқұм массивінің шығыс бетінде.