ҚАБЫЛҰЛЫ ДІН ҰРПАҚТАРЫ
Қабыл Атамыздың жеті баласының бірі Дін Атамыз болған. Дін Атамыз 1815- жылдар шамасында өмірге келген. Өмірден өткен шағында Қабылұлы Дін атамызды өзінің тумаластары Шын, Дос, Шойынбай, Байшан тағы да басқа аға-іні туыстарының қасына, Қараман-Ата қауымына жерлеген. Дін атамыз қасиетті, көріпкел, балгер адам болған. Қараман-Ата қауымындағы шырақшының айтуы бойынша, түн мезгілінде Қараман-Ата қауымында Қараман-Атаның басынан және Дін Атамыздың басынан от шығып тұрады дейді. Осы уакытқа дейін Дін атамыздың басына келіп шырақ жағып, тунеушілер көптеп кездеседі. Тілектері орындалып, зираттары қабыл болып жатқандарын ел аузынан естиміз.
Дін Атамыздан – Тайжан, Қазанбай, Емен, Өтесбай, Жұбанияз, Тағанияз. Дінұлы Тайжан Маңқыстау жерінде көп жыл болыс болып елге, халыққа қызмет жасаған дейді Нұрсебепұлы Бақберген ағамыздың айтуы бойынша. Тайжан атамыз Сисем-Ата қауымында атасы Қабыл батырдың қасына жерленген. Тайжаннан – Өрбісін, Төлеубек, Жаңбырбек. Өрбісіннен – Егеубай, Балғабай, Бекмырза, Ақмырза және апаларымыз Рап, Орақ. Балғабайдан – Сүгір және Тілек, Ақбілек, Ақжазық. Сүгірден – Әлібек және Сындар, Сәуле, Майра, Динара, Дәмегүл. Әлібектен – Ержан, Сержан, Сейітжан, Сәтжан. Бекмырзадан – Сүндет және Тамаш. Сүндеттен – Махамбет және Зәуре, Гүлжихан, Дина, Жаңыл, Клара, Алмасгүл. Ақмырзадан – Қыдырбек (Нарбек), Нәдірбек, Қуантқан және Бұлбұл, Қараша. Қыдырбектен – Қанатбек, Арғын, Құралбай. Нәдірбектен –Ерлан, Найман, Серік. Қуантқаннан – Абыз, Баязит. Төлеубектен – Бисенғали, Сисенғали және Сүйгенбай. Сисенғалиден – Сәдірбек және Нағима. Сәдірбектен – Алпамыс, Қобылан, Ләззат, Гүлшат. Жаңбырбектен – Алымбай, Бекқали, Герой және апаларымыз Қанымхан, Оралхан, Биалай, Аппақ. Есіркеп (Жаңай Әлі) пен Оралханнан – Дыбыс, Кідір, Құдабай, Иса, Баян, Жұмай, Туғанай, Қайрат. Жақып (Жеменей Мырзагелді) пен Қанымханнан – Қалдыбай, Иманқұл. Әріп (Қырымқұл) пен Биалайдан – Бақтылы, Айжан, Сәрсен, Малика, Аманжол, Таңсұлу, Латифа, Балиға. Жәумітбай (Жаңай Тоян) мен Аппақтан – Ақзия, Балзия, Жұмажан, Бауыржан, Нұржамал, Нұргүл. Қазанбайдан – Өмен, Сембай, Оразбай. Оразбайдан – Есен, Қалмұқан және Маусым. Қалмұқаннан – Еркебұлан және Дариға, Камила, Гүлбану. Өтесбайдан – Кеңшілік. Кеңшіліктен – Жамиғат.
Тайжанұлы Өрбісін атамыз және руы Абыз Сыдық қызы Толқын анамыз туралы өмір өткілдері.
Тайжанұлы Өрбісін 1877 жылы туылған, 1962 жылы 85 жасында өмірден өткен. Өрекең атамыз өз өмірінде елге, ауылына, ағайын - тумаға қолынан келген көмегін жасаған сыйлы азамат болған. Себебі сол кездері елде ашаршылық, жоқшылық, қиын кезең болған. Одан кейін Ұлы Отан соғысы басталған, соғыстан кейін де халықтың күйсіз болатыны белгілі ғой, мінеки осы қиыншылық мезгілдері Өрекең атамыз 1925 жылдан бастап қазіргі Ұштаған (Ақтөбе ауылдық советі) аулында Старшина қызыметін жасап жүріп, қақпан құрып, аң аулаған. Ителгі құс, жүйрік тазы ұстап аң аулап, ұсталған аңды ауылға әкеліп, түгел астырып, ауыл тұрғындары болып жеткенінше жеп отырған, ертеңгіге ет қалмайтын болған. Соғыс жылдары (1941-1945) почта қызыметін жасап Онды, Шетпе бағытына ат көлігімен қатынас жасап тұрған. Бекмырза атты ортаншы баласын Ұлы Отан соғысына аттандырады. Үйренген кәсібі аңшылықпен айналыса отырып, ауыл тұрғындарының ағаш үйлерінің керегелерін көктеп, қол көмегін аямаған және етік тігіп ауыл тұрғындарына аяқ киіммен көмектесіп, жоқ-жітік, соғысқа балалары аттанған үйлерге «менің де балам соғыста» – деп, кезек күттірмей ерекше қамқорлықпен аяқ киіммен көмектесіп отырған. Сол алған алғысының арқасында ма, халықтың тілегі ме әйтеуір Бекмырза баласы соғыстан аман-есен келіп семьясына қосылған. Ұлы Отан соғысынан кейін де Өрекең атамыз аңшылык кәсібін жалғастыра отырып, бәйгеге ат қосып, аттары бәйгеден 1-ші орын алып отырған. Сол кездегі «бәйгі бала» болып Өрекең атаның бәйге атына көп шапқандардың бірі Байтілеуов Аманқос ағамыз балалық шағын және Өрекең атасын еске алып ұзақ әңгімелейді. Қиыншылық жылдары өмірден озған қайсыбір ағайын-туыстардың садақаларын Өрекең ата әкелген бұйырған аң етімен өткізіп те отырған. Себебі халықта мал аз болған, халық күйсіз болған.
Өрбісін атамыз Ұштаған ауылындағы Ақтөбе қауымында жерленген, балалары Балғабай, Бекмырза, Ақмырза да осы қауымға, әкелерінің қасына жерленген. Өрбісін атаның үлкен немересі Балғабайұлы Сүгірдің айтуы бойынша Өрбісін ата Ителгі құс бағып, аңға салып отырған. Құсты қалай аңға түсіру керек, соны немересі Сүгірге үйреткен. Жас құсты бірнеше мәрте саршұнақ, тышқанға түсіріп үйреткен. Саршұнақ, тышқанның індері тайыз, бір шелек су құйсаң тышқан бүлкілдеп шыға келеді, сол уақытта байлаулы Ителгіні тышқанға салып, аңға үйреткен. Ашаршылық қиын кезең ғой, кейбір Ителгі құстарын Бесқалаға апарып, астыққа, бидайға айырбастап, ағайын-туыстарға біраз азық та қылған. Өрбісін атамыз 80 жастан асқан шағында да жайдақ атқа қарғып мінетін сергек, тік денелі, сұңғақ бойлы ақсақал болған.
Өрбісін атамыздың бірінші зайыбы, руы Шағыр қызы Ажар шешеміз 1917- жылдары қайтыс болып, Қараман-Ата қауымына жерленген. Екінші зайыбы, руы Абыз Сыдық қызы Толқын шешеміз 1897-1990 жылдары өмір сүріп, қайтыс болғанда Өрбісін атамыздың қасына жерленген. Атырау обылысы Құлсары қаласы маңындағы, руы Абыз Асалы атамыз жатқан қауымшылық сол кісінің атымен аталады. Атамыз өз уақытында балгер, көріпкел, қасиетті адам болған. Міне осы атамыздан тарқаған Толқын анамыз көріпкел, сынықшы, емшілікпен айналысып, өз ортасына сыйлы да қадірлі ана болды. Ертеректе Ұштаған ауылдарында, басқа да ауылдық жерлерде дәргерлік амбулатория аз, ал акушер дәрігерлер жоқтың қасында болды. Сол уақытта қайсыбір әйел адамдарды босандырып, өмірге келген нәрестенің кіндігін кесіп, аман сау ата-анасына тапсырып, Толқын шешеміз талай жанұяның алғысына бөленген. Ол нәрестелер қазір үйлі-баранды үлкен семья болған. Толқын шешеміздің көріпкелдігі сол, қазіргі медицинадағы УЗИ-дің жұмысын өзі жасап, келіндерінің, немере келіндерінің ер бала ма әлде қыз бала ма не босанатынын айтып отыратын, себебі түс көреді, бал ашады. Түсін жорып болашақты айтып отырады. Ұштаған ауылының тұрғыны ұстаз, руы Қаржау Өтепбайұлы Наурыздың айтуы бойынша Толқын шешеміз қажарлы да болған, айыртпай төбелесіп жатқан жігіттерді алақанға түкіріп жіберіп, жерге алып ұрып сабасына түсіргенін көрген. Көршілес Түрікменстанға елдің, халықтың күйсіз уақытында, жалғыз өзі бір түйемен алыс-беріс тамақ әкелуге жиі барған, қаруы отағасысы Өрекең атамыз жасап берген кішкентайлау күрек-белше болған. Ол кездері руы Сүгірәлі ауылы Ұштаған елді мекеніне қарасты Жарма жерінде орналасқан. Осы Жармадан Бегдашы, Красноводскіге (Шағадам) түйемен қатынап күнелтіс жасаған. Бір сапар қыс мезгілінде түйеге жүгін артып, жаяу Шағадамнан келе жатқанда қалың қарға тап болып, Төңірекшыңның (Жаңаөзен маңайы) қабағында күн бата түйесі жүрмей, аштықтан шөгіп қалады. Қалың түскен қарды күрегімен шақпақ тас құсатып ойып, биіктігін бір метрдей түйеге ық қылып қалайды да, өзі түйенің бауырына кіріп жылы жерге жатады. Аяғында отағасысы Өрекең былғарыдан тігіп берген шоңқайма етік, ұйықтап қалады. Таң да атады. Түйенің бауырына кіріп аман қалғанына өзі де қуанады. Жарық түскесін қардан бастары шығып тұрған 5-6 құсқанбас шөпті аяғымен теуіп, қарын түсіріп, күрекпен шауып әкеліп нар түйесіне бергенде, жарықтық соны жегеннен кейін тұрып кетеді. Сол сапар бір аяғының үлкен бақайын үсітеді. Толқын шешеміз өмірінде екі рет қатты қорыққан. Біріншісі, Түрікменстаннан түйеге арытқан жүгі бар жаяу жетектеп келе жатқанда, бір жаңа топырақ үйілген жер кездеседі. Айналасында адамдардың іздері, бұл жаңа топырақ не екен деп, күрек-белшесімен аршып қараса, тігінен көміп кеткен адамның өлі денесі екен, содан қатты қорыққан. Екінші бір қорыққаны отағасысы Өрекең бір жаққа кетіп, қақпанды қарауды шешеміз Толқынға тапсырып кеткесін, шешеміз түйені көлік қылып қақпанға барады. Барса, қақпанға қасқыр түсіп, қақпанды сүйретіп кеткен екен. Түйені сол жерге шөгеріп, жаяу із кесіп келе жатқанда жыңғыл шөптің түбінде бұғып жатқан қасқыр Толқын шешемізге бас салады. Қасқырмен біраз жағаласады, киімдері жыртылып, денелері жарақаттанады. Ақыры қасқырды соғып алады, бірақ қатты қорқады. Мінеки, Толқын шешеміз осындай қажарлы болған. Өзінің дәрігерлік, сынықшылық, көріпкелдік, адалдық қасиетімен халқына, ауылдастарына, ағайын-туыстарына істеген жақсылығы ұшан-теңіз. Өрбісін атамыз бен Толқын шешемізді өздерінің ұлағаттылығымен, адалдығымен, батырлығымен, енбекқорлығымен, қайырымдылығымен әрқашанда еске алып жүрегімізге сақтаймыз және сыйынамыз.
Естелік: Мен кішкентайымнан Толқын мамамның тәрбиесінде болып, сол кісінің баласы болып өстім,себебі екі жасымда шешем қайтыс болған, руы Жаңай Шомақ Сәттіғұл қызы Несіпхан. Ал жас шешелерімізді үлкен кісілер еркелетекеннен бе менсінбегенбіз, ол уақытта солай болса керек. 1972 жылы жаз мезгілі болатын, әкем Ақмырза ескі Қарақұдықтағы фермада зоотехник қызыметін жасайды, мен 7-классты бітіргенмін. Біз Толқын мамам екеуміз қыстақтағы тас үйде қалдық, қалғандары ағаш үймен жеңілденіп қырға, жайлауға «Қараш» жеріне көшіп кетті. Айтайын дегенім Толқын маманың қажарлылығын өз көзіммен көргенім. Ауылға бір күні жүрмелі дүкен (автолавка) келді содан бір қапшық ұн алдық. Үйге дейін 120 метрдей жер болатын, ұнды үйге машинамен апаруға шофер жігіт тыңдамады, соған ерегесіп Толқын мама салмағы 70 кг ұнды үйге арқалап әкелді. Бірақ белім сыр берейін депті-ау деп, ұнды тапшанның үстіне тастай салды. Еңкейіп жүрген 75 жастағы кемпірдің 120м жерге 70кг ұнды апарғанына, мамамның қажарлылығына бала болсамда сүйсіндім, мен арқалайын деп едім көнбеді. Мамамның жаратылысы да бөлек еді. Аузындағы тістері азу тіс сияқты түгелдей домалақ болып жаратылған, инені көзілдіріксіз өзі сабақтайтын. Өзі шебер болатын, көрпе жастық, тон тігу, киіз басу бәрін жасайтын. Екі ай ауырып 93 жасында өмірден өтті. Ауырған шағына дейін іс жасауынан қалған жоқ . Топырағың торқа болсын, желеп-жебеп жатагөр Толқын мама.
Өрбісінұлы Ақмырза ағамыз туралы естелік
Ақмырза Өрбісінұлы 1926 жылы Маңғыстау ауданы Жарма жерінде туылып 2006 жылы 80 жасында Жаңаөзен қаласында кенеттен ауырып өмірден өткен. Бірінші зайыбы руы Жаңай Таған Ағыбай қызы Балұштап, 1926-1952 жылы қайтыс болған, екінші зайыбы руы Жаңай Шомақ Сәттіғұл қызы Несіпхан 1928-1960 жылы қайтыс болған, соңғы зайыбы руы Бәли Аязбай қызы Айсырға 1937-1997 жылы қайтыс болды. Ақаң өзінің еңбек жолын Маңғыстау ауданы, Ленин колхозында жұмысшы болып бастайды. Кейіннен қазіргі Атырау қаласындағы ауылшаруашылық техникумын бітіріп, Ильич атындағы кеңшарда көп жылдар зоотехник қызыметін абыроймен атқарады. Коммунистік партия мүшесі болды. Ильич кеңшарында қаракөл тұқымдас қойдың санын көбейтіп, Отанымызды мал тапсырып етпен, қой қырықтырып биязы жүнмен қамтамасыз етуде үлкен үлес қосты. Мал шаруашылығы деген ауыл шаруашылығының бір қиын саласы болғандықтан, осы салада Ақмырза ағамыздың еңбегі орасан зор деп есептейміз. Бес бала тәрбиелеп ұлды ұяға кызды қияға дегендей бәрін де үй қылды. Балалары Қыдырбек (Нарбек), Нәдірбек, Қуантқан Жаңаөзен қаласында тұрады, кыздары Бұлбұл Ақтау қаласында, Қараша Ұштаған ауылында тұрады. Ақаң сөз тапқыр, сөзден жеңілмейтін, өткен-кеткендер жөнінде мәнерлеп, қисынына келтіріп, әңгіме айта алатын, өткір де шыншыл азамат болды. Ақаңның айтқан әңгімелерін осы уақытқа дейін өзіне тете жолдас-інілері, ауылдастары қуанышпен еске алып айтып отырады. Ақаң жас кезінде әкесі Өрбісін атамыздан үйренген аң аулаумен де айналысқан. Бір жылдары қасқыр көп болып, ауылдың малын жеп отырғызбайды. Сол уақытта тамыз айы болса керек, замандасы Сисенбайұлы Закария екеуі қасқыр аулауға шығады. Ұштаған мен Жарманың ортасында кұмның ішінде «Қасқыр су» деген су бар, сол суға келіп екеуі қасқыр аулайды. Ыссының кезінде құмға аяғы күйіп қасқыр қаша алмайды екен, мінеки осы жағдайды пайдаланып қасқырды соғып алып отырған. Қақпан құрған, қақпанға түскен қасқыр қақпанды сүйретіп кетеді. Із кесіп қасқырды тауып атпен еріп келе жатқанда, қарсы алдында келе жаткан қасқыр сен оңға қарағанда ол солға кетеді деп қасқырдың айлакерлігін, сезімталдығын, қалай соғып алғандарын қызықпен еске алып айтып отыратын. Жігіт жақсы болса нағашысын сұра деген, Ақмырза ағамыздың нағашылары Бәйімбет Әтембек Абыз ауылы болатын, нағашылары қасиетті Асалы ата Құлсары қаласы маңындағы Асалы қауымында. Маңғыстауға белгілі Сәдуақасұлы Башен ақсақал, Жаңаөзеннің құрметті азаматы Айдаров Түкібай ақсақал, Таубаев Ақжол ақсақал қазір 96 жаста Теңге ауылында тұрады. Ақаң пайғамбар жасы 63-ке келгенде зейнеткерлікке шығып, аздап шежіре жазып, өлең жазумен айналысты. Азды-көпті өлеңдері жинақталып кішкентай «Аманат» атты кітап болып шықты. Оның ішінде нағашысы Абыз руының көріпкел, қасиетті ақсақалы Асалы атағада да арнауы бар:
Асалы атаға арнау
Алыстан іздеп келдім, нағашы Ата,
Берегөр шын көңіліңмен маған бата.
Ниетіме іздеп келген риза болсаң,
Түсімде аян берші, етпей қапа.
Руым Сүгірәлі, жиеніңмін,
Аржағы өзің асыл сүйегімнің.
Көруге зиратыңды іздеп келіп,
Өзіңді, асыл Ата, кие білдім!
Ал, Ата жатқан жайың жайлы болғай,
Ұжымақта орының сайлы болғай.
Ойымда жатсам-тұрсам жүрсеңдағы,
Кезінде келе алмадым, жерім шалғай.
Нағашым өз ұрпағың Сыдық екен,
Әуелден Атырауды еткен мекен.
Кешегі аласаттың уағында,
Бірі боп айыптының кеткен екен.
Шешемнің аты-жөні Толқын еді,
Төркінін іздеп көп жыл толқып еді.
Хабар-ошар ешқайдан ести алмай,
Көре алмай кетем-ау деп қорқып еді.
Кездесті соңғы кезде Түкібайға,
Түкібай силады оны теңеп айға.
Ақжолға да жолығып сол арқылы,
Тағат тапты тәубе етіп бір құдайға.
Мен жағы Өрбісіннің баласымын,
Қалдырған тірілікте қарасымын.
Шүкірмін, бала-шаға, айналам бар,
Келемін соның тауып жарасымын.
Аруағыңа, Атажан, сиынамын,
Шынымен сұрап бата қиыламын.
Қолымнан келгенінше менің өзім,
Сүйкімсіз жат қылықтан тиыламын.
Ниетіме риза бол, атажаным,
Болмады бұдан басқа еш амалым.
Көп жасаған көнеріп, жас үлкейіп,
Тарқап кетті бұрынғы өз қамалым.
Аруағыңды силайды білген кісі,
Шет-шебірін көзімен көрген кісі.
Білмеген у ішеді деген сөз бар,
Теріс кетеді ондайдың оңбай ісі.
Тұрағы біздің елдің Маңғыстау-ды,
Байырғы қоныс еткен мол қыстауды.
Әуелден шаруа құрып,ұйымдасып,
Ұйғарған төрт түлікті мал ұстауды.
Қош көргейсің, атажан, келгенімді,
Кеш болса да сәлемді бергенімді.
Өздігімнен сіздерді білмеймін ғой,
Мақұлдасаң білгенге ергенімді.
Атажан, жайлы болсын тұрағыңыз,
Бар болсын ол жақта да құралыңыз.
Өле-өлгенше ұмытпай еске сақтап,
Аруағыңа сиынып тұрамыз біз.
Атажан, жұрағатты жебегейсің,
Тар жерде қолтығымнан демегейсің,
Атажан, шыныменен риза болсаң,
Кемшілік, оны-мұны елемейсің.
Осыменен сөзімді аяқтадым,
Естіген, білгенімді сараптадым.
Атажан, бір өзіңе арнап келдім,
Қосуға басқа жағдай жаратпадым.
Жұрағаттарың Сізге аманат,
Сақтағайсың саламат.
Шама-шарқың жеткенше,
Болдырмағайсың жаманат.
Жайлы болсын мекенің,
Жұмақта болғай есебің.
Адыр-бұдыр болмағай,
Қолайлы болғай төсегің.
Менің атым Ақмырза,
Өрбісіннің баласы.
Сонымен бізге бол ырза,
Нағашы жұртымның бабасы.
Сағынышпен еске алушы інісі Балғабайұлы Сүгір. 15-қаңтар 2013жыл.
Жинақтаған Өрбісінов Қыдырбек Акмырзаұлы. 18.10.2014жыл.