СҮГІРӘЛІ ҚАБЫЛҰЛЫ ШЫННЫҢ ҰРПАҚТАРЫ

         Қабыл батырдың жеті баласының бірі Шын атамыз. Шын атамыз Тайсоғандағы Айғырсойған деген жерде жатыр. Атамыздан төрт бала болған. Олар:  Өтеу, Алдоңғар, Сағызбай, Жалғасбай. Бұл аталарымыз өз заманында беделді, дәулетті өмір кешкен. Өтеуден: Тегісбай, Айтуар, Қозыбай. Өтеу атамыз Алтыншыда Омаратада жатыр. Алдоңғардан: Мейіз апа, Көркем апа, Әскербай, Балкөш апа. Алдоңғар атамыз Бақашы әулиеде жатыр. Сағызбайдан:  Озғанбай, Сансызбай.  Жалғасбайдан: Дүйсенғали. Жалғасбай атамыз Бесқала қаласында жатыр. Айтуардан:Ұлтуған апа, Қарылхан апа, Қайырмағанбет. Тегісбайдан: Айдар. Тегісбай атамыз Алтыншыда Омар атада жатыр. Баласы Айдар атамыз Жандайда жатыр. Қозыбайдан ұрпақ болмаған, жауырыны жерге тимеген палуан болған. Қозыбай атамыз Жаңаөзен қаласындағы Кендірлі жерінде жатыр. Әскербай алты жасында атқа шауып жүргенде найзағай түсіп қайтыс болған. Әскербай атамыз Сисем атада Қабыл атамыздың қасында жатыр. Әскербай атамыздың тамын салған Есентемір Дүтбай. Дүйсенғалидан: Мұқаш. Озғанбайдан: Мақатбай. Мақатбайдан: Ахмет. Мақатбай атамыз бен баласы Ахмет ағамыз Жамансорда жатыр. Аты аталған аталарымыз кезінде еліне беделді, сыйлы болып өмір сүрген. Маңғыстауда берілген үлкен аста Көрпе Абырой деген жауырыны жерге тимеген палуанды Дүйсенғали атамыз жыққан – деп, көзі көрген қариялар айтып кеткен.

         Айтуар әкеміз атақты жылқышы, палуан болған. Бірге жұмыс жасаған, көзі көрген азаматтар ол кісінің асау жуасытқанын, небір палуандарды жыққандарын және ақындық өнерімен төрт шумақты әзілдерін шығаратындығын айтады. Ал Дүйсенғали әкеміздің өте сымбатты азамат болғандығын, бұл әкеміздің де баптаған жылқысы «Дүйсенғали торы» деген атпен Маңғыстау ауданында беріге дейін аталып келген. Жалпы осы аталарымыздан яғни, төрт үлкен аталарымыздың шаңырағының иелері Қайырмағанбет пен Мұқаш шаңырақтары. Бұл шаңырақтың аналары руы Жаманадай Оңкелді және руы Қамысбай Әуес. Аталарымыз Айтуар мен Дүйсенғали Ұлы Отан соғысынан оралмаған. Қос ана Балкөш, Қарылхан апаларымызбен Қайырмағанбет, Мұқаш әкелерімізді сұрапыл соғыстың қиындығына қарамастан өсіріп жетілдірді. Әуес анамыз Маңғыстаудағы алғашқы мектеп интернатта аспазшы болып қызмет атқарған. Ол анамыздың қандай жұмыс атқарғанын сол кездегі мектеп мұғалімдеріндей, бала тәрбиесімен айналысқандығын қазіргі Маңғыстауға танымал азаматтардың айтқандығының талай куәсі болдық. Оңкелді мамамыз сөзге шешен, би, тентекті тезге салатын ақылды парасатты жан болған. Жаманшылық заманында Түркменстан елінен Балкөш апамды арқалап Маңғыстауға келді. Балкөш апам он алты жасында Айтуар атам мен Дүйсенғали атам соғысқа аттанғанда екі үлкен әжелерім мен өз іні сіңлісін бағып, ферма бастығы, дүкенші, шөпке бригадир, жылқышы болған, немере ағасы Балғабаймен бірге  соғыс жылдарында талай жауапты қызмет атқарған. Қазір тыл ардагері, Сталиннің басы бар медалімен марапаталған санаулы адамдардың бірі. Қазір Ұштаған елді мекенінде тұрады.Жолдекеш жездемізбен бірге өсірген ұл-қыздары Ақтау, Жаңаөзен, Ұштаған елді мекендерінде тұрады.Қарылхан апам мен Әбділ жездеміз Ұштағанда облыс бойынша жарияланған «Үлгілі аула» байқауының жеңімпаздары. Қарылхан апам Маңғыстаудағы алғашқы медицина саласында білім алған мамандардың бірі. Ұштағандағы учаскелік ауруханада абыройлы қызмет жасап, зейнеткерлікке шыққан. Қайырмағанбет әкемізбен Бақтылы шешемізден сегіз бала. Мұқаш пен Балзирадан үш бала. Бақтылы шешеміз руы Жаманадай Өмірбердіқызы. Балзира руы Беріш Мұса қызы Астархан жерінде молда болған кісі. Өмірберді нағашымыз заманында өте қажарлы, еңбекқор, еліне сыйлы беделді азамат болған. Соғыс жылдарында Қарағанды қаласында шахтада жұмыс жасаған. Қазір ұрпақтары Игілік ағадан тараған ұл-қыздары Ұштаған, Жаңаөзен қалаларында түрлі салада еңбек етуде. Қайырмағанбет атам техника саласында жүргізуші және дәнекерлеуші мамандығында зейнетке шыққан. Қайырмағанбет атам мен Бақтылы әжемде Жармағанбет, Әбіжан, Әділжан атты балалары, Ғалия, Әлия, Бақтыгүл, Айнагүл және Рзагүл атты қыздары, Менслу, Зияда, Алмагүл атты келіндері, он үш немересі,екі немере келіні, төрт шөбересі және он екі жиені бар. Осы үйдің үлкені Ғалия апамыз Ақтау қаласында тұрады, «Дарын» қосымша білім орталығында қызмет етеді, жездеміз Аманжол Маңғыстау Мұнай Газ Акцинерлік қоғам мекемесінде жұмыс жасайды, баласы Аслан Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік университетінде оқиды. Одан кейін Жармағанбет әкем жоғары білімді 1988 жылы Қостанай педагогикалық институтын жалпы техникалық және еңбек пәндері мұғалімі мамандығы бойынша және 2005-2009 жылдары Т.Рықұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығын алған. Еңбек жолын 1988 жылы Маңғыстау ауданы Ұштаған селосының орта мектебінде мұғалім қызметінен бастаған. 1991-1994 жылдары Маңғыстау аудандық Комсомол комитетінің екіншісі хатшысы, аудандық жастар ісі туризм және спорт комитетінің төрағасы. 1994-1997 жылдары Маңғыстау ауданы әкімі аппаратының басшысы; 1997-1999 жылдары Маңғыстау аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі; 1999-2008 жылдары Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары; 2008-2012 жылдары Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы; 2012 жылдан бастап Маңғыстау ауданы әкімі. Отбасылы, жары  руы Қыпшақ Менслу, Ресей Федерациясы Тройцк қаласында медициналық білім алған, қазіргі кезде Маңғыстау аудандық ауруханада медициналық статист қызметін атқарады, баласы Бауржан жеке кәсіпкер жұбайы руы Қараш Мөлдір М.Әуезов атындағы №20 орта мектепте мұғалім, баласы Рахымжан ЖШС «ЮВСГ» қызмет етеді, жұбайы руы Табынай Гүлмира ЖШС «Кран-сервис» мекемесінде бухгалтер, қызы Аяужан Қостанай қаласындағы Қазтұтынуодағы Қостанай экономика колледжін үздік дипломмен бітірген, қазіргі таңда Астана қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде соңғы курсында оқиды, баласы Мейіржан М.Әуезов атындағы №20 орта мектептің оқушысы, немерелері Тұрсынай, Айжан, Нұржан, Айханым.  Әкемнен кейінгі Әлия апамыз Ақтау қаласында тұрады жеке кәсіпкер, жездеміз Кәрім құрылысшы қызметін атқарады, баласы Али мектеп оқушысы. Ағамыз Әбіжан жоғары білімді, ЖШС «Жөндеу» мекемесінде бұрғылаушы, жары руы Құнанорыс Зияда Өзенмұнайгаз (НГДУ- 3) мекемесінде оператор, қызы Әйгерім Астана қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті колледжінде оқиды, баласы Айдын мен қызы Айзат Жаңаөзен қаласындағы  орта мектептің оқушылары, қыздары Нұршат пен Кәусар балабақшада. Әбіжан ағам отбасымен Жаңаөзен қаласында тұрады. Атам мен әжемнің қолындағы кенже баласы Әділжан жоғары білімді Қостанай ауылшаруашылық институтында оқыған, қазіргі кезде Қызылсай мемлекеттік табиғи паркінде инспектор қызметін атқарады, жары руы Қыдырша Алмагүл Ұштаған елді мекеніндегі балабақша қызметкері, қыздары Арайлым, Гүлназ және ұлы Сүйінғара Ұштаған орта мектебінің оқушылары, кішісі Ұлан. Бақтыгүл апамыз Қостанай педагогикалық колледжінде оқыған, қазір Шетпе кентіндегі «Балбөбек» балабақшасында тәрбиеші, жездеміз Сайлау Қаламқаста вахталық әдіспен жұмыс жасайды, қызы Зуһра Шетпе кентіндегі №6 мектепте оқиды, баласы Шетпе гимназиясында оқиды, кішісі Алпамыс балабақшада. Айнагүл апамыз Ақтау қаласындағы педагогикалық колледжінде білім алған, жездеміз Есбол жеке кәсіпкер, қыздары Айдана Қарағандыдағы КарГУ студенті, Алтынай Астанадағы ЕГИ колледжінде, Ұлжан және кіші ұлы Абылайхан  Жаңаөзен қаласындағы №8 орта мектептің оқушылары. Атамның кенже қызы Рзагүл Ақтау қаласындағы Болашақ институтын аяқтаған, жездеміз Қуат Қаламқастағы вахталық әдіспен жұмыс жасайды, балалары Айару балабақшада, Алмат пен Ақерке әлі кішкентай.

         Мұқаш көкем мен Балзира шешеміздің отбасында Ибрагим, Ардақ атты балалары, Айнұр атты қызы, Айгүл, Гауһар атты келіндері, төрт немересі, үш жиені бар. Көкем Мұқаш математик, есепші, құрылыс саласының маманы болып зейнеткерлікке шыққан. Маңғыстау облысы Ақтау қаласы жанындағы Баянды ауылының салынуына бастамашылардың бірі, қазіргі кезде сол елді мекенде тұрады. Ағам Ибрагим Өзенмұнайгаз мекемесінде мұнайшы болып қызмет атқарады, жары руы Айым Айгүл тігінші, баласы Даулет, қызы Динара мектеп оқушылары, кішісі Исламбек. Ардақ ағамыз Қаламқаста вахталық әдіспен жұмыс жасайды, жары Гауһар психолог. Айнұр апам Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік университетін бітірген. Қазіргі таңда Шетпе кентінде тұрады, халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді, жездеміз Серік жеке кәсіпкер, қыздары Айтолқын мен Мадина балабақшада, кішісі Рысбек.

         2005 жылы 2 мамыр күні, яғни Ұлы Отан соғысының 60 жылдығына қарай Айтуар атамыз мен Дүйсенғали атамыздың артынан қалған ұрпақтар, дәлірек айтқанда Қайырмағанбет атам мен Мұқаш көкемнің балалары ұйымдастарып, Ұштаған ауылында Қайырмағанбет атам шаңырағында Ұлы Отан соғысынан қайтып оралмаған Өтеуұлы Айтуар атам мен Жалғасбайұлы Дүйсенғали атам рухтарына арнап үлкен ас бердік. Аталарымның жатқан жері белгісіз болғандықтан, аталарама арнап үлкен әжелеріміз Оңкелді мен Әуес әжемнің жанынан құлыптас қойдық. Сол күні асқа барлық жұрт жиналып аталарымды еске алып, ақын Әзірбайжан Қонарбаев аталарыма арнап өлең шумақтарын арнады:

         Рухы өлгендердің жебей берер,
         Адамзат ақ батамен мерейленер.
         Айтуар, Дүйсенғали ұрпақтары,
         Бақ дарып бұл күндері көбейген ел.
         Солардың бүгінгі күн ұрпақтары,
         Аспанға атақ даңқын шырқатқаны.
         Ас беріп жатыр міне ұлан-асыр,
         Дәл бүгін жарқырап тұр тұрпаттары.

 

Қайырмағанбет немересі Жармағанбетқызы Аяужан. 2013 жыл.