АРНАУ

Сүгірәлі Нұрханның 80 жасқа, жолдасы Кердері қызы Айтбикенің 70 жасқа толу тойына.

Тегіңді арғы сұраса
Келінберді, Құдайке
Адайдың екі баласы.
Су сұраса бал берген,
Ас сұраса мал берген,
Атқа қонса жел берген,
Ұраны «Бекет» дем берген.
Адайдың қара шаңырағы
Мұңал еді-ау оның саласы.
Алдаберді, Сабытай,
Жәдігер мен Сарқасқа,
Бәйімбеттен туған төрт бала
Ешкімнің болмас таласы.
Баласы Сабытайдың Жандай, Медет
Медетке аруақ қонған құдай демеп.
Ұрысу екі талай болған шақта
Жігіттері найзаласып алда жүрет.
Боққара, Көрпе, Сегізбай,
Сүгірәлі, Сарболат
Жатсынбай жатты сыйғызды-ай.
Шежіреге осылай
Бес Жандайды кіргізді-ай.
Аққошқар мен Ақкете
Сүгірәлінің балдары.
Шежіреден сыр шертсем
Батыр да шешен билері,
Сақи да мырза байлары.
Өткен екен өмірден
Бұйырған жерден жайлары.
Қазақтың Алаш көсемі
Мұстафа ұлы Шоқайды
Қонақ етіп ас берген
Махамбеттің баласы
Асқар ахун данасы.
Бала оқытып мешітте
Жармада болды панасы.
Мың сегіз жүз елудің
үшінші жыл күзінде,
Күйкен тауы жерінде
Кенжесары балдары
Құрман, Таған байлардың
Тоғыз ауылы шабылып,
Атаңа нәлет жәуміттер
Түндігіңді тілгілеп,
Туырлықты түргенде,
Сарқұлдың ұлы Қабылың
Қатын-бала жан үшін,
Айдалып кеткен мал үшін
Шүберекке жанды түйгенді.
Қырық кісі батырмен
Екі жүз жауды жеңгенді.
Дін баласы Тайжан мен
Достың ұлы Бектұрбай,
Бірі болыс, бірі бай,
Дастарханы жиылмай,
Белдеудегі атпенен,
Басынан бағы кетпеді-ай.
Айтқаны келіп сөзінде,
Атқаны тиді кезінде,
Мырзалықпенен ер көңіл,
Қатар бір жүріп бұрқытты-ай.
Барма екен бүгін бұл тойда
Замана сарқыт бір құрттай.
«Өттің өмір», «Замана
сазы» мен «Қоңыр» күйлерін
Күмбірлетіп тартыпты
Ақкете Жүсіп – Қоңырың.
Садық пенен Ыбырай
Жеткізді бізге қоңыр үн.
Жалғастырды өнерді
Жолдастың ұлы Ұлықпан.
Тұяқ қой қалған ұлықтан.
Күзембай, Әсет, Қарлығаш
Аға-жеңге тойында
Өнермен бүгін шашу шаш.
Жеті атасын білмеген
«Жетесіз» деген бабалар
Сөз парқын білмес кейбір жамандар,
Сұрақ қойып тар жерде
Мүдірсең сені табалар.
Ақкетеден Қонабай
Бермеген қолдан намысты-ай.
Қонабайдың Қосбаны
Көзінің оты ұшқындап
Қарсы келген жауды тосқаны.
Қосбанның ұлы Махамбет
Ақкетенің ішінде
Айрықша еді нар келбет.
Махамбеттен Сұлтан би болды,
Кісілік пен кішілік
Екі аяғы тең болды.
Сұлтаннан туған Әжібай
Шежіреден сыр шертті
Жас келсе де қажымай.
Әжібайдан тұяқ Нұрсебеп
Дәрігері сол заманның
Сүндеттеп ұлды күл себет.
Дімкәспенен кемтарға
Кел, шырағым, кел деген.
Дұғалық беріп бұрыштап
Талай жанды емдеген.
Жақсылығы шығып алдынан,
Мәуелеп өсті бәйтерек.
Аллатағала оған нұр себет.
Сынағынан жігіт өткен соң,
«Рулы ел боп кетсін», - деп,
Жастай қызын беріп ед
Маяның ұлы атақты
Бердіқожа хазірет.
Міне қайдан берілген
Нұрсебепке құдірет!
«Жаңақорған» колхозын
Ақшколдың басында
Еңбегімен құрып ед.
Қақпан құрып кәсіп қып
Шопанай болып серігі
Ақ есекке мініп ед.
Ашқұрсақ жүрген жандарды
Қарақұйрық етімен
Асырап сауап етіп ед.
Бесқала шығып түйемен
Қап-қап астық, жүгері
Жүйелеп бөліп беріп ед.
Халқының алып алғысын
Дүниеден өтіп ед,
Сүгірәлі Нұрсебеп.
Жар қосағы Нұрбибі
Кердерінің қызы еді,
Қаталдықпенен қайраты
Осы әулетке жетеді.
Нарды қомдап жүзгенмен
Иртернат пен мектепті
Қамтамасыз етеді.
Күнкөрістің қамы үшін
Сульфатқа барды Алтыншы.
Бақберген мен Жөкесбай,
Нұрханменен Аманқұл,
Есенқұл мен Күзембай,
Жұма мен Сәнше, Жұмақұл
Өсіріп – бағып кетеді.
Жоқшылық болған заман-ай,
Осылайша жастық шақ
Бір күнгідей болмай өтеді.
Түпқараған болысы
Сүгірәлінің болды пірағы.
Мың тоғыз жүз бестің жазында
Жүз сексен үй болды шырағы.
Ақкетікпенен Ақорпа,
Басқұдық, Жарма тұрағы.
Жиен болып жыр жаздым,
Тойыңа келген ағайын
Бар ма екен маған сұрағы?
Нағашың Тобыш – Кердері.
Шежірені тыңдасам
Шегемнің ұлы дер еді.
Кердеріден қыз алдың
Он бес құрсақ көтерді
Он екі болды ергені.
Баптарын тапқан бәрінің
Айтбикенің еңбегі.
Жапырағың жайылды
Құдайдың ол да бергені.
Қасиетті молда әкеңнен
Өмірлік қадам бата алдың.
Имамы болып мешіттің
Нұрхан молда аталдың.
Шаңырағын ұстап әкеңнің,
Аға-іні, қарындас
Отау тігіп, үй қылып,
Абырой атақ, «шен» алдың.
Сексен түйе айдадың
Жайлаудағы желіге,
Жиырмалап бота байладың.
Қыс боларын білгіш, сәуегей
Күрегіңді сайладың.
Құрбыменен құрдасқа
Берген серттен таймадың.
Жаңаша мен Тереңше,
Бекежан, Бәйті, Дүнгірлек
Тасың өрге домалап,
Атағың тұрды дүнгірлеп.
Жүз жиырмадан қозы алып,
«Үздік шопан» орденін
Омырауыңа тағып байладың.
Осылайша Нұреке
Айың туып оңынан,
Тумаластарың еріп соңыңнан,
Алланың берген демінде
Сексен жасты тойладың.
Өнегелі ұрпағың
Үлгіңмен өсіп келеді.
Риза болған ата-анаң
«Өркенің өссін»,- деп еді.
Қабыл болып батасы,
Аруағы сені жебеді.
Әулетіңнен өскен ұл мен қыз
Жүз жиырмадан да көп еді.
Алғысын алған халқынан
Нұрсебептей пендеге
Көктегі құдай бір Алла
Аямай нұрын себеді.
80 жас, 70 жаспен құтты болсын!
Құшақтарың қуанышты гүлге толсын.
Бақ беріп, әулетіңе Бақыт қонсын!

 

Арнауды шығарушы Наурыз Өтепбайұлы

07.12.2019 ж.