ДҮНИЕ ДЕГЕН КЕРУЕН
(Еңбек ардагері Садақбаев Қанғалидың өз өмірі туралы жазып кеткен естелік дәптерінен)
I. Аталарымнан таратқанда.
Сүгірәлі – Аққошқар – Байдөс – Дәндібай біздің арғы аталарымыз болған көрінеді. Дәндібайдан өмірге Жаманқұл, Айтша, Жұма, Байна деген балалар келген екен. Сол балалардың ішінде үлкен ақсақалдар айтуынша Айтша мен Жұма ағалы – інілі тумаластар есебінде бірге аталады. Атап айтқанда Айтшадан өнген Адырбай мен Жұмадан туған Көк бір – бір бала есебінде «Адырбай – Көк ауылы» болып атанып, айтылып кеткен екен. Айтшадан Ұланақ, Еріш, Көшербай (Күшікбай) туғанда, Көк ақсақалдан Із деген әкеміз туып өмір кешкен. Ұланақтың зайыбы Несібелі Мамыр Жеменейдің қызы болыпты. Олардан өмірге екі бала келген: Ермекбай, Садақбай. Ал қызы туралы мағлұматым жоқ. Отағасысы ерте кеткен болуы керек Садақбай бесікте тұрғанда әкеден қалған деген әңгіме естідім. Ал әжеміздің үлкен жасқа келгенше өмір сүргенін көре қалғаным бар. Балдарын тәрбиелеп өсіріп, Ермекбей ер жеткен соң оған Қараменде Жаманадай руынан Жұбаназар деген кісінің Құрмаш атты қызын өмірлік жар болуға айттырып алып беруге дайындалғанда, жаратушының өзі Ермекбайды өмірден алып кеткен көрінеді. Сонан менің шешем Құрмашты сол уақыттағы шариғат заңы бойынша жесір қалған жеңгесі есепті әкем Садақбайға қосқан екен. Екеуі де 1900 жылы туылғандықтан жастары құрдас болған. Шешемнің Қази деген інісі болған. Қайырхан, Данабай, Балабай солардың ұрпағы.
Садақбай мен Құрмаштан туғандар: Лесбай, Қанғали, Тәуекел, Әуес. Менен кейін өмірге келген екі қызы қайтыс болған. Лесбай ағамыз нақтылы білмесем де 1924- 1925 жылдардың бірінде туылған болуы керек. Оқу жасына келгенде серіктес болған аз елде мектеп болмай, сол кезде Шағадам қаласында болған Із кәкеміздің шақыруымен сонда апарып оқуға берген. Қанша класс бітіргенін білмеймін 1940 жылға қарағанда қаладағы үлкен су кемелері тұратын көпірден ойнап жүріп секіргенде теңізге кетіп қайтыс болған екен. Сол жақта жерленіпті.
Мен 1936 жылы Жетібайда ағаш үйде 1-ші классқа бардым.
Үлкен шешемізден өнген қыз болуы керек Мырза Жаманадай Жанжігітті папам жездеміз дейтін. Онан туған Жанжігітов Қайыр деген жиеніміз болды. 1939 жылдың шамасында үлкен мама қайтыс болып, соның батасына Қайыр Шағадамнан келген еді. Сонда папам жиен інім деп, астына ат мінгізіп жіберді. Беріде 1951 жылы жолдасы қайтыс болып, әйел алуға қаржысы болмай тағы келгенде әкем қолдағы 1 бас түйемізді берді. Өзімен бірге Тәуекелді ертіп кеткен, ол сонда 2-3 жыл жүріп келген болатын. Қайыр әуелі Шағадамда тұрып, кейін Өзенге келіп, сонда өмірден өтті. Меңділла, Нұрылла атты балалары және қыздары бар.
Еріштен Қойбағар, Тайбағар деген балалар болған. 1930 жылдан кейін елде аштық пен жұмыссыздық жайлап, көптеген азаматтар талап іздеп түрікпен жеріне кеткен. Сонда Із кәкеміз бастап інілерін ертіп, сол жаққа кеткен көрінеді. Тек 1939 жылы Маңғыстау ауданы Форттан бөлініп, Таушықтан көмір өндіру басталған кезеңде ел қайтып келе бастады. Олар да келіп, бір жыл бізбен бірге болды да Таушыққа көшті. Қойбағар милицияда арбакеш болып әскерден қалды. Тайбағар соғысқа барып хабарсыз кетті. Түрікпен жерінен келгенде Қойбағардың зайыбы Тұрархан баласыз болды. Сол жақта туған балдары тұрмаған. Тайбағардың әуелгі жолдасы кім екенін білмеймін, соңғы алған зайыбы Ақтиін Бегей руынан ажыраған адам екен. Қызы Ағілгек сонда еріп келген бала дейді.
Бұлар көшіп келгенде Іздің балалары Меңдіқұл зайыбымен және Оспан деген ағаларымыз да келіп еді. Жұмыс бола қоймай кері көшіп, соңынан әскерге алынып, хабарсыз кеткен. Жарамсыз болып елде Оңғарбай қалған. Зайыбы Бозащыдан алған Кедей қызынан 3 қызды болып, ер балдары болмаған. Ақтауға келген соның бір қызы.
Көшербайдан (Күшікбайдан) – Ұзақ, Жанұзақ. Бұлар да Түрікпен жеріне кетіп, Бекдашы, Сартаста кәсіп істеген. Ұзақ 1938 жылы болуы керек қайта көшіп Жетібайға келді. Айтулары бойынша екі ер баласы, кішісінің жолдасы бар, кәсіп істеп сонда қала берген. Кейін әскерге шақырылып хабарсыз кеткен екен. Қолдарында үш қыз баласы болды. Үлкені ажалынан қайтыс болғанда екеуі екі елге тұрмысқа шықты. Ұзақ соңғы жылдары Сенекте тұрды, ал Бақыт сол үйдің иесі болып қалды. Жанұзақты совхоз болғанда көріп білдік. Көшербай деген баласы қазірде түйе шаруашылығында. Қыздары тұрмысқа кеткен. Шешеміз бір қызының қолында көрінеді.
Аталарымыздан өнген қыздар туралы деректерім шамалы. Соңғы кезде нағашымыз Қойбағар деп жүрген Құнанорыс Жұмағазы, Нөкен, Қармыс атты Қарайғыр балдарының әзілдерін естідім. Папам айтқан еді: «Жұмағазы деген жиеніміз Жетібайға серіктес болып отырғанда Қарамандыдан жаяулатып келген соң, қайтарында астына ат мінгізіп жіберіп едім. Аулына барған соң атты дұрыс ұстай алмай, ат босанып Жетібайға қаш-қанда жолда Ащыға түсіп, шыға алмай өлген. Нағыз қайықшы еді», - деуші еді.
1938 жылы болуы керек, қазіргі Тамақ ойында серіктестік мүшелері отырған жаз мезгілінде руы Бәйбіше Табашов Есенғұл деген келді екі кісі болып. Папам сонда бұл кісі біздің жездеміз деп айтып еді. Кейін Қазанбай, Шиязбай деген жігіттер соның балдары екенін білдім. 1942 жылы әскерге кетіп бара жатқанда папам сонда болған екен. Артынан біз де танысып, араласып жүрдік. Апамыз өмірден ерте өткен болар деп ойлаймын.
Біздің берігеректе танысып біліскен апамыз Із кәкеміздің қызы руы Қожағұл Оңбергеннің шешесі. Оңбергеннің әкесі ерте өмірден өткен, біз оны көрген жоқпыз. Өзімен соңғы кезде Итеш «нағашы» болып араласты.
II. Папам мен мамамның өмірлері және көрген қиыншылықтары жөнінде айтқанда.
Папамның мамасы Несібелі шекем ұзақ өмір кешкен-ау деп ойлаймын. Жолдасынан ерте қалса да балдарын тәрбиелеп өсіріп, тумалар арасында үлкен беделді әрі қажарлы болған кісі. 1939 жылдың қысында қайтыс болды. Сол кезде серіктестік мүшелері жаз Жетібай жайласа, қыста Мақат деген жерге қыстайтын еді. Ол қазіргі Құрық станциясының темір жол вокзалынан терістіктегі таудың асты, Қарақия ойпаты деп аталатын сордың алды болатын. Сол жерде мектеп, дүкен болған еді. Елдің бәрі ағаш үймен отыратын. Тауда Құйжақ дейтін су болды. Біз жылқы малымызды сонан суарып бағатынбыз. Сол жылы біздермен Ұзақ кәке және Дәрібай деген Өтеулі шал 3 үйіміз бірге отырған едік. Шекем қайтыс болған соң таудағы Құйжақ жеріндегі қауымға жерленді.
Сол жылдары елдің жағдайы өте ауыр болатын. Адамдардың жеке қожалығындағы малды саттырмайтын да сойдырмайтын және ауылдарды тексеріп қарап жүретін. Еткен еңбектеріне қаржы төленбейтін, серіктестік атағы ғана болатын. Папам қатты күйзелді. Сол кезеңде ауылдағы шағын дүкен Құрық (Ералы) басындағы саудаға қарайтын. Сауда бастығы руы Құнанорыс Әнетов Көктау папаммен замандас еді. Мені соған жұмсап, 100 сом ақша беріп жіберсін деді. Соны мен барып айтқанымда ол кісі кідіртпей беріп көмектесті. Соған азық алғанмен, садақаларын өткізуге мүмкіндік аз болды. Шекемнің басына белгі сала алмады. Қиыншылық сондай сол қарызын папам өтей алмай, өмірінің соңғы кезеңінде 1958 жылдың ақпан айында ауыр науқас үстінде жатып соны өтеуді маған аманат етіп тапсырды. Бұл жылдары Көктау да өмірден өткен, ал зайыбы Форт қаласында тұратын. Әдейі барып тапсырып құтылдым.
Папам өзге тумаластары Түрікпенстанға кетсе де өзі осы Маңғыстау ойынан кетпеген. Маңғыстау жері Россияға бағынған соң адайлар арасында да болыс сайлау жүзеге асырылған. Сол сайлау кезінде Сүгірәлі руы аз болып оған Жәдігер руын қосып бір болыс болған көрінеді. Ережесі бойынша болыстың старшина және шабарман деген қосшысы болыпты. Соны көптеген жыл Жұматайдың әкесі Қожабергенов Ақберді атқарулы. Папам осы кісіге жас кезінде атқосшы болып жүрген екен. 1934 жылдан кейін ауылдар бірігіп серіктестік құрылған. 60 үй серікпіз деген әңгіме осыдан шыққан. 1940 жылы ол ауыл шаруашылық артелі болып қайта құрылды, мал жиналып бірікті. Сонда басқарма мүшесі болған. Тосыннан соғыс басталғанда 1942 әскерге алынып, 1943 жылдың аяқ кезінде жаралы болып елге келді. Сонан өзінің Ералиев атындағы колхозында басқарма орынбасары, ферма басқарушысы жұмыстарында 1954 жылға дейін істеді. 1949 жылдың қысында қырда жүргенде өкпесін суық шалып ауырып, өмірінің соңына дейін содан қиындық көрді.
Мамам Құрмаш өмірден ерте кетті. 1943 жылы мен 8-класста, Тәуекел 1-класста оқитын болдық. Ақшұқырдан Тельманға жаяу барып оқу өте қиын болып, Тельманға көшіп барып жеке біреудің тас үйіне орналастық. Мектеп директоры маған көмектескен есепте пионер вожатый етіп тағайындап, аз да болса еңбек ақы төледі. Қыс кезі суық болды. Қазан айы болуы керек мамам бір ауылға папам қосып кеткен аз ғана қой малынан мал әкелуге барғанда Аймөкен деген Өтеулі шал мал бермей, бос ауылға қайтады. Түйемен кеткен оның үстіндегі киімі де жеңіл жолда суық тиіп, үйге келгенде көліктен өзі түсе алмай қатты ауырып, 3 күн ғана болғанда қайтыс болды. Мен 15-те, Тәуекел 8-де, Әуес 5-те едік. Елде жағдай өте ауыр, аштан өлушілер де болды. Не істеуді білмей қалдық. Кебін жасайтын ақ мата да жоқ, садақа жасайтын азық та жоқ. Содан басына тартқан орамалын пайдаланып, бергі беттегі қауымға (Көшкінге) жерленіп еді. Бір ай өткенде папам әскерден жаралы болып босап, Ленинград қаласынан елге келді. Мамамның өлімін ауылға келгесін естіп білді.
Папам келген соң Тәуекел мен Әуесті оған тапсырып, жағдайдың ауырлығына байланысты Форт қаласына детдомға кетіп, 8 классты сонда бітірдім. 1944 жылы жазғы каникулда ауылға келсем папам Ноқат шешемізді алып, қазіргі Ақтау қаласы орналасқан жерде тұрып жатыр екен. Бұл шешеден 1945 жылы ер бала туып, көп өмір кешпей қайтыс болды. 1947 жылы Амалхан атты қыз бала болып, ол да 1959 жылы қайтты. 1952 жылы Бақыт (Жексенғали) өмірге келді. Бұл шешеміз бізбен 35 жыл бірге өмір кешіп 1979 жылы Аққұдық жерінде қайтыс болып, сонда жерленді. Папам маған: - Өмірде қосылып, етегім тиген жолдас болып еді, балдары жас ренжітпей бағарсын,- деп тапсырған еді, әке аманатын орындадым.
Тәуекел де анасы қайтқан соң дұрыс оқи алмады. Папам соңғы шешемізді алғаннан кейін Таушықтағы Тайбағар ағайдың зайыбы, жеңгеміз мен оқытайын, бағайын деп алып кеткен екен, ол жерде де дұрыс оқи алмай 1948 жылы ауылға қайтып келіп, қайта бармады. 1951 жылы Красноводск қаласынан жиен ағай Қайыр келгенде, соған еріп кеткеннен 1954 жылы ауылға келіп, кейін армияға алынды. Одан 1958 жылы оралып колхозға жүргізуші болып жұмысқа тұрды. 1960 жылы Дыбыспен қосылды. Балалы- шағалы болды.
Әуес хат танып көп оқи алмады. Үлкендердің ұйғарымымен 1956 жылы Айжарықпен тұрмыс құрды. Ерте 1970 жылы өмірден өтті.
III. Қысқаша өз өмірімнен дерек.
Мен, Садақбаев Қанғали, 1928 жылы қазан айында Қарамандыбас жерінде дүниеге келдім. 1936 жылы серіктестік орналасқан Жетібайда алғаш оқуға бардым. Жазда киіз үйде, ал қыста Қарақия ойпатындағы Мақат жерінде тұрғызылған жер үйде оқи жүріп, 1940 жылы төрт сыныпты бітіріп шықтым. Бізді сол кезде Гурьевтен болар Жаманқұлов Нысан (Сенектегі) оқытты. 3-сыныптан бастап Ергенбаев Сапар деген мұғалім келді. Жағдайдың қиындығына қарамастан оқуды жалғастыруды мақсат тұттым. Ол кезеңде 8 жылдық мектеп Ералиев ауылдық кеңесінің аумағында тек Калинин балық ұжымшарының орталығы Қызылқұм жерінде ғана болды. Әкем мені атпен қазіргі Құрыққа, ауылдық кеңестің жиналысына қатысуға келгенде бірге ала келіп, сол жылдардағы Калинин ұжымшарының басқарма бастығы руы Шоңай Есенкөбеков Бисенбайға ертіп жүргелі тұрған моторлы қайыққа мінгізіп жіберді. Өмірде 1-ші рет теңізді көргенім еді. Түсіп, мініп жүргенде суға кетіп қала жаздадым. Сол кісінің үйінде жатып жүріп V–VI сыныптарды да аяқтадым. Мектеп директоры Қошанов Жүзбай деген жездеміз екен.
Ұлы Отан соғысы басталып кеткен кез еді. Жастар жағы армия қатарына шақырыла бастады. 1942 жылдың наурыз айында әкем де армия қатарына алынды. Бір жағынан серіктестік артельге ұйымдасып, мал біріктіріліп жатқан кезең.
Сол 1942 жылдың күзінде Ералиев атындағы ауыл шаруашылығы артелі Қолтық жерінен (қазіргі Ақтау қаласы тұрған жер) Ақшұқырға қоныс аударды. Өйткені, Сығынды ауылдық кеңесінің басшылығы ол кезде Тельманда болғандықтан, орталықты соған жақындату қажеттілігі туды. Алайда, бұл жерде түрікпен Машырықтан қалған 3 тал ағаш пен құлап, тастары ғана қалған үйінің орнынан басқа еш нәрсе жоқ болатын. Артельдің жаңадан ұйымдастырушысы болып Көбегенов Қабыл келді. Біз де елмен бірге көшіп келіп, ағаш үйге қыстап шықтық.
Мектепке лайықты дайын үй болмағандықтан, барлық балалар Тельманға жаяу қатынап оқыдық. Ал келесі оқу жылына ұжымшар өз күшімен бастауыш мектептің құрылысын салып дайындады. Орны осы күнгі балабақшаның ілгергі беті. 1943 – 44 оқу жылын бастайтын болып I–IV сыныптар ашылды. Сол жылы маған аудандық оқу бөлімі Ақшұқыр бастауыш мектебінен оқытушылық қызмет ұсынды. Алайда, 7 сынып біліміммен оқытушы болуға мүмкіндігім болмады.
Мен жазда ұжымшардың шөп дайындау жұмыстарында болып, VIII сыныпты жалғастыру үшін Тельманға үйімізбен уақытша көшіп барып, мектеп директорының ұсынысымен бас вожатый қызметін қоса атқарып жүрдім. Сөйтіп жүргенде 1943 жылдың аяғына қарай науқастан анам қайтыс болып, біз күйзелген шақта, алла қарасқан болар әкем 1-2 ай өткен соң соғыстан жарақат алып қайтып келді. Жағдайдың қиындығына байланысты VIII сыныптың қалғанын Форт-Шевченко қаласында Киров атындағы мектепте оқып, 1944 жылы аяқтадым. Жазда ауылға келсем папам соңғы шешеміз Ноқатқа қосылып Қолтық (қазіргі Ақтау) жерінде отыр екен. Мен ауылда көп болмай Ералыдағы балық зауытында «Рыбкооп» бастығы ағамыз Нұров Мектеп жұмысқа шақырып, бас бухгалтер Ісембай Көптілеуовтың қарауында счетовод-кассир болып жасадым. Еңбек жолым осылай басталды.
ΙΧ сыныпты 44 жылдың күзінде Фортқа барып сол жерде оқуды жалғастырам деп жүргенде мені ауданның оқу бөлімі (бастығы Өтепбергенов Икембай) шақырып, Ақшұқыр бастауыш мектебінің меңгерушілігіне баруды тапсырды. Оның айтқаны: ─ Былтырғы салынған мектепте ұйымдастырудың тиісті дәрежесінде болмағандығынан оқушылар тарап кеткен. Басқа мүмкіндік жоқ. Ұжымшар сендердікі, сондықтан ұжым мүшелерінің балаларын оқытасың, ал өз оқуыңды сырттай білім көтеру арқылы жалғастырасың, ал біз мектепке деген барлық қамқорлықты көрсетеміз,- деді. Содан 1944 жылдың қыркүйек айында мектепті қабылдап, жаңа оқу жылының жұмыстарын бастап кеттік. Мектепте I - IV сыныптар оқыды. Барлық сыныпқа сабақ беру және мектептің шаруашылық қызметін бірге атқарып жүру оңайға түскен жоқ. Сөйте жүріп 1944-45 және 1945-46 оқу жылдарын аяқтадым, өзім жазда училищеде оқыдым.
1946 жылы ұжымшарымызды Қолтыққа, ал орталығы Саура жерінде орналасқан Тельман ұжымшарын Ақшұқырға көшіруге аудан шешім алды. Осыдан кейін мектепті қойып, өз ұшымшарыма барып, есеп жұмысына ауыстым. Кейін 1947 жылдың бас кезінде аудандық партия комитетінің жолдауымен Саура жерінде орналасқан Фетисов ауылдық Советінің хатшылығына жіберілдім. Онда 1948-1950 жылдары жұмыс істеп, 1951 жылы Қолтықта отырған өз ұжымшарымызда, содан соң 1954 жылдың май айында екі ұжымшар бірігіп іріленгенде, Ақшұқырға ауысып есепші болып істедім.
1954 жылдың күзінде Гурьев облыстық ауыл шаруашылық бөлімінің Сарайченко кентіндегі 1 жылдық есепшілер дайындайтын мектебіне оқуға барып, есепші – жоспарлаушы мамандығын алып шықтым.
1963 жылы Таушықта 10- сыныпты сырттай оқып бітірдім.
1964 жылы Жамбыл қаласындағы есеп- санақ техникумына сырттай оқуға тапсырып, 1966 жылы бухгалтер- жоспарлаушы мамандығы бойынша диплом алдым.
1967 жылдың бас кезінде ұжымшар басқармасының ұсынуымен аудан басшылығы мені жылқы, түйе фермасына меңгеруші қызметіне жіберді. 1969 жылы Ералиев атындағы ұжымшар кеңшарға айналып, орталығы Сенек ауылы болып белгіленді. Біздер де 1970 жылы сол жаққа қоныс аударып, 24 жылдан кейін Ақшұқырға қайта оралдық. 1967- 1972 жылдары ферма менгерушісі, 1972- 1980 жылдары қой фермасында есепші, 1980- 1985 жылдары тағы да ферма менгерушісі, кейін зоотехник болып 1991 жылғы күзге дейін жас келіп, жұмысты тоқтатқанша жасадым.
Негізгі қызмет жасап жүріп, қоғамдық жұмыстарды қатар атқару өмірлік тәжірибе жинақтауға көп әсерін тигізеді. Мектепте оқып жүрген кезде комсомол қатарына өттім. 1948 жылы Сығынды ауылдық кеңесіне жұмысқа келгенімде Тельман балық ұжымшарында комсомол қатарындағы жастар көптеп бар екен. Ал бұл кезде аудандық комсомол комитетінің беделі өсіп, жастар арасындағы жұмысқа қатты көңіл бөлініп тұрған кез еді. Мені көп ұзамай осы жердегі ұйымға жетекші етіп сайлады. 1949 жылы шаруашылық көрсеткіші жақсы болып, жастардың еңбегі бағаланып, жылдың соңында Гурьев облыстық комсомол комитетіне шақырылып, Халелов Мазан жетекшілік жасаған бюро мәжілісінде баяндама жасадым. Халелов М. кейін Шевченко ауданына райкомның 1-ші хатшысы болып келген еді. Ал мені ұжымшарға келіп 15 күндей болып, баяндама жасауға дайындаған облыстық комсомол комитетінің сол кездегі нұсқаушысы Тәжібаев Смағұл болатын. Гурьевке барған соң қайтқанша соның үйінде болған едім. Көп жылдан кейін 1969 жылы Маңғыстау аудандық партия комитетіне 1-ші хатшы болып келіп кездестік.
1954 жылы ұжымшарлар бірігіп іріленгеннен кейін, оның мүшелері кәсіподаққа бірікті. Маңғыстау ауданында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы құрылды. 1960 жылдан бастап кеңшар құрылғанға дейін кәсіподақ ұйымының ұжымшардағы жетекшісі болдым. Ауданның ұйғарымымен сол уақытта Алматы қаласына барып, Қазақстан кәсіподақтар кеңесінің ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының конференсиясында баяндама жасап келдім. 1967 жылы апрельде Гурьев облыстық кәсіподақтар Советінің конференциясында тексеру комиссиясының мүшесіне сайландым. Кеңшар құрылғаннан кейін де, цехтық және шаруашылық партия ұйымдарының басшылық қызметтерін қоғамдық негізде орындап жүрдік. Селолық кеңестерге депутат болып бірнеше рет сайланып, халықтың талап – тілектерін орындауға күш – жігерімді аямай еңбек еттім.
Отбасы жағдайыма келсек, әкем 1945 жылдың басында соңғы шешеміздің ден саулығы кеміс және аяғы ауыр болғандықтан, сол жұмсасын деп маған Ақбибіні (руы Өтеғұл) алып берді. Мен оқуға кетем дегеніме келісім бермеді. Қосылғаннан кейін 1948 жылы күз айында Тельманда отырғанымызда жауған күннің күркілі мен шатырынан қатты қорыққан оның баласы бойынан түсіп, өзі аурулы болып, бір жарым жыл шешесі алып кетіп бақты. Сонан 1950 жылы тәуір болып ауылға келді. Бірақ ден саулығы толық түзеліп кетпегендіктен 2-ші рет көтерген баласы өлі туып, өзі де өмірден өтті. Мамамның қасына баласымен бірге жерленді. 1951 жылы тамыз айында Сәркен Иса қызы Балманмен қосылып, осы күнге дейін бірге өмір кешіп келеміз.
2004 жылдың наурыз айы. Ақшұқыр ауылы.