Есенғали Бөкенбаев
ТОҒЫЗ ҚАЙЫҚ
(толғау)
Он үшінші ақырап.
Олжалы болып он қайық,
Шағадамға жөнелген,
Балықты да көп алып,
Дүниеге кенелген.
Ералыда ау салып,
Үш жарым ай бөгелген.
Уақыты бітіп теңізде,
Ажалдылар көп өлген.
Араздаспай, қоштаспай,
Кенжеғұл сынды жақсылар,
Халқының қамын жеп өлген.
Бекқали, Шүкір – тумалас,
Еңсегенмен тең өлген.
Тәжінияз, Моллаартық,
Мәми мен Мәмед төртеуі,
Аман менен бесеуі,
Қол ұстасып жөнелген.
Мен – Есенғали шайырың,
Осыларды бәйіт етіп,
Берейін айтып өлеңмен.
I
Ақыраптың он үші.
Кәрі Каспий долданып,
Сұрапыл сүргін өрілді.
Көк толқындар жонданып,
Құбыладан бұлт шықты,
Қабағын түйіп, торланып.
Теңіздің беті түнерді,
Тұманданып, сомданып,
Судың беті көпірді
Тұңғиық терең орланып.
Көбігін көкке шарпыды,
Қарт бурадай қомданып.
Ерте шықты жағаға
Жалғыз қайық бөлініп,
Сапарын тағдыр оңғарып,
Қалғандары қайықтың,
Айдалғандай сорға анық,
Қайықшыға сол күнгі,
Ақырзаман болды анық.
Абың-күбің басталды,
Қалу үшін қорғанып.
Қайықтың алды іркілді,
Айыра алмай жолды анық,
Ақжармаға көміліп,
Қайықтан кетіп жорғалық.
Сол уақыттар болғанда,
Сәрсеннің ұлы Жалғасбай,
Жарқылдаған алмастай,
Сөз сөйледі толғанып:
– Жігіттер, – деді, – саспаңыз,
Болмаса, кәзір сорладық.
Желкендерді түсіріп,
Зәкір тастап, орналық.
Бірімізді біріміз,
Шамамыз келсе, қорғалық.
Әлібегім, дайындал,
Желкеннің бауын қолға алып.
Таусылғанша деміміз
Теңізге пенде болмалық.
Әлі де құдай оңғарып,
Басылар дауыл оңдалып,
Артымыздан бес қайық
Келе жатыр соң қалып,
Кідірейік соларға,
Себебі болып ажалға,
Қалармыз мүмкін қорғанып.
Түсіре алмай желкенін,
Тастай алмай зәкірін,
Көк толқынмен алысып,
Аянған жоқ жігіттер
Тілсіз жаумен қарысып.
Қосащыға жақындап,
Келіп қалды қайықтар,
Тізбек-тізбек жарысып.
Қорқыныш кірген біреу жоқ,
Көңілін бұзған налысып.
Кідірмекші еді сәскеде,
Бекдашыға барысып.
Бірқатары қайықтың
Қосащының тұсында,
Кідірді зәкір салысып.
Келе жатты қылтылдап,
Кенжеғұлдың қайығы,
Көк толқынмен қағысып.
Көршілерін толқын байқатпай,
Жігіттер көріп, білісті,
Мәштігінен танысып.
Үмітін үзбей өмірден,
Қимылдады аянбай,
Бармақтары қарысып...
II
Ала сүргін басталып,
Теңіздің бетін сапырды.
Бұйраланған көк толқын,
Айналаны жапырды.
Ішін тартпай ышқынып,
Барған сайын күш қылып,
Туғызды заманақырды.
Қаланберген, Жайлаулар,
Жігіттер еді-ау батылды.
Жағаласып жандәрмен,
Көзден ұшқын атырды.
Тау-тау болған толқындар,
Тыныстарын тарылтып,
Дем алғызбай қатырды.
Санаулы мезгіл өткен соң,
Есінен танып шатылды.
Төніп келген ажалға,
Таппады айла-ақылды.
Бұлар мінген қайықты,
Алдымен теңіз батырды.
Наурызбайдың Сатыбалды,
Болыпты бұда зақымды.
Ахмет, Алдан, Жұмалы,
Өздері суға секіріп,
Жағаға қарай атылды.
Демдері жетпей шығуға,
Үшеуінің денесін,
Су түбіне батырды.
Байбосынның Қосжаны,
Бір-екі рет дауыстап,
Жолдастарын шақырды.
Аранын ашқан толқындар
Мұны да суға батырды.
III
Қосащыдан өткен соң,
Тоғыз қайық толыққан,
Түгелдей апат болыпты.
Таудай биік жартасқа,
Қайықтың көбі соғыпты.
Алпыс үштей жігітті,
Құтырған теңіз обыпты.
Үш-төрт күнге созылып,
Алас ұрып обықты.
Қайықшының қан тартқан
Сапарына жолықты.
Шағадамнан моторлар,
Артынан іздеп шолыпты.
Қарақұдық, Бозатта
Бұзылып шыққан қайыққа,
Іздеушілер жолықты.
Қайықтарды көрген соң,
Хабарына қанықты.
Сүйектерін тапқан соң,
Үмітінен торықты.
Ажал айдап бәрін де
Бастатқан сәтсіз жорықты.
Қайықшының ішінде
Есжан екен ағасы,
Қатарына қадірлі,
Қол жеткісіз бағасы.
Көпке сөзі нанымды,
Айрықша ақыл, сарасы.
Бағалай білген өмірді
Артық сенен санасы.
Артында қалды өзінің,
Берді деген баласы.
Жақсылардың осындай,
Тұңғиық дүлей теңізден,
Болған екен қазасы.
Мұрсасы да келмеген,
Қоштасуға шамасы.
Лажың жоқ тұруға,
Мойыныңды бұруға,
Керек етсе панасы.
Қазалының біреуі,
Қалдәлеттің баласы.
Құдайдың ісі десек те,
Оқиғаға осындай
Адамның келер наласы.
Жазылуы қиын ғой,
Осындай істің жарасы.
Біреуінің артында,
Аңырап қалды анасы.
Біреуінің артында
Қалды қатын-баласы.
Кейбіреуден орын жоқ,
Қалмаған іні, ағасы.
Құдайдың салған ісіне,
Кімдердің келер шарасы?
Бағынышты өзіне
Аспан мен жердің арасы.
Айрылар дейді ақыры,
Ісінің ақ пен қарасы.
Ілінбеген кімдерге
Өлімнің құрық-ағашы.
Кеудеден жаның кеткен соң,
Ісіне қарай әркімнің
Берілер дейді қазасы.
Өлмей тұрып тіріде,
Құлшылық етіп құдайға,
Тәубе қылу-тазасы.
Құр қалмаған өлімнен,
Біздер түгіл бұрынғы,
Расулы Мұхаммед,
Адамның асыл данасы.
Қайда кеткен өлмесе,
Кісінің ата-бабасы.
Түсінгенге мағлұм,
Алыс емес әркімге,
Пәни мен бақи арасы.
Тайғанап мұзда жүре алмас,
Атыңның сынса тағасы.
Тіреуінен айырылған,
Жігіттің өлсе ағасы.
Қанатынан қайырылған,
Жігіттің өлсе баласы.
Әкесі өлсе жігіттің,
Жел жағынан құлаған
Асқартаудай панасы.
Тартылады құрдым боп
Өміріңе нәр берген
Жігіттің өлсе анасы.
Түп етектен зор түссе,
Айырылар тонның жағасы.
Дария суы тартылар,
Бітіп қалса сағасы,
Әркімнің өткен басынан
Дүние керуен-қалашы.
Кешегі барлар бүгін жоқ,
Өлшеу беріп, қарашы.
Ғибрат алып түсінер,
Жетсе кімнің санасы,
Өзекті жанға бір өлім,
Ешкімнің болмас таласы.
IV
Біреулер ерте өлгенмен,
Біреулер өлер кешігіп.
Баяны жоқ пәнидің
Жоғына сабыр етейік
Барына шүкір десейік.
Бесіктегі жас бала,
Тірі болса, мұрсатта
Жігіт болмақ есейіп.
Алланың қысқа өлшеуін
Ұзартып қалай кесейік.
Өзіміздей адамның
Біз айтқанмен бола ма,
Тағдырын қалай шешейік?
Алланың салған ісіне,
Қарсылық етіп не етейік.
Айтып жүрер артымыз
Сөз қалдырып кетейік.
Дүние түлкі, мысалы,
Қуып қалай жетейік,
Адалдықпен, өлгенше,
Азаматтық парызды,
Қолдан келсе өтейік.
V
Сағаттай соққан жүрегің,
Бір күні тоқтап, кідірмек.
Қаусырма жағың қарысып,
Сайраған тілің мүдірмек.
Зәредейін кідірмей,
Ажалына әркім жүгірмек.
Қанша жорға болсаң да,
Аяғың ақсап, сүрінбек.
Мезгілің болмай кей кезде,
Көтеріліп іргең түрілмек.
Тарланатқа барарсың,
Тұрсаң да кәзір дүрілдеп.
Ойлағанмен қиялың,
Ажалың тұрар күлімдеп..
Өмірің шөлмек сияқты,
Қауіп ететін күнің көп.
Қанша асау болса да,
Өлімге пенде бүгілмек.
Кімнің жақсы-жаманы,
Мақтар күні білінбек.
Жаман ат пен жақсы атқа,
Аузынан адам ілінбек.
Қанша тағат етсең де,
Бойыңда жақпас кірің көп.
Кешірмесе бір алла,
Одыр-бұдыр мінің көп.
VI
Алланың салған ісіне
Жасымайық, жабығып,
Өлгенге пайда бермейді
Жыласа тірі қамығып.
Жақсыларға тұр дейді
Сегіз жұмақ салынып,
Нұрландырар жүзіңді
Ішінде шырақ жағылып
Үрдің қызы тұр дейді
Лағыл-маржан тағынып,
Керегіңнің бәрі сай,
Бір орыннан табылып.
Имандылар жүр дейді
Асылдан мелле жамылып,
Ата-бабаң, дос-жарың,
Қарсы алмақшы жабылып.
Өлгенге сабыр етейік,
Құдіретке бағынып.
Орынсыз көзің суласаң,
Болады дейді тағылық,
Жылағаннан не бітер,
Өлген жанға табынып,
Онан да тәубе етейік,
Жаратқанға жалынып.
Жарылғағай алдыңнан,
Жақсы орынға алынып,
Бейіштің кәусар суына,
Жүре бергей қанығып.
Әңгіме еттім білгеннен,
Жазғаным емес жалығып.
Дәтке қуат болсын деп,
Жүргенге көңілі жабығып,
Көкірегі қайғылы
Іс түскенге налығып.
тамыз, 1949 жыл.
Мағұлматтар мен түсініктер
*********************************
Бұл оқиға 1948 жылдың қазан айында Каспий айдынынан балық аулап жүріп, теңіз дауылына ұшыраған тоғыз қайықтың апаты туралы. Қазаға ұшыраған алпыс үш жанның арасындағы екі тумалас – Бекқали мен Шүкір Сүгірәлі аулының азаматтары.
*********************************